Бақытжан Сағынтаев өңірлерді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Бүгiн Үкiмет үйiнде ҚР Премьер-Министрi Бақытжан Сағынтаев өңiрлердiң экономикасын дамыту бойынша 2018 жылға арналған мақсатты индикаторларға қол жеткiзу мәселелерi бойынша жұмыс кеңесiн өткiздi.

Кеңес барысында Астана әкiмi Ә. Исекешев, Ақмола облысының әкiмi М. Мырзалин және Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Қ. Ақсақалов ағымдағы жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстар және экономика салаларын дамыту, индустрияландыру, технологиялық жаңғырту және цифрландыру жұмыстарын жүргiзу, инвестициялар тарту және еңбек өнiмдiлiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша 2018 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.

Елорданы дамыту тұрғысынан туризм, сауда, жаппай кәсiпкерлiк, инвестициялар тарту және өнiмдi жұмыспен қамту, оның iшiнде еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту және еңбекке жұмылдыру мәселелерiне баса назар аударылды.

Облыстардың жұмыстарының бағыттары АӨК-тi, туризмдi, бiлiм беру саласын, денсаулық сақтау саласын, жаппай кәсiпкерлiктi дамыту, сондай-ақ индустрияландыру, өнiмдi жұмыспен қамту, қаржылық тұрақтылық, технологиялық жаңарту және экономиканы цифрландыру салаларына негiзделген.

Кеңес барысында мәселелердi талқылауға ұлттық экономика министрi Т. Сүлейменов, қаржы министрi Б. Сұлтанов, денсаулық сақтау министрi Е. Бiртанов, мәдениет және спорт министрi А. Мұхамедиұлы, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi М. Әбiлқасымова, инвестициялар және даму бiрiншi вице-министрi Р. Скляр және ауыл шаруашылығы вице-министрi Г. Исаева қатысты.

Сілтеме

Құрылған күні: 11.04.2018
Қаралым саны: 738

Қаз Рус Eng