Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы

Елбасы «Бурабай» халықаралық шаңғы базасын аралап көрді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Щучье-Бурабай» курорт аймағындағы жаңа туристiк нысандармен танысты. Сондай нысандардың бiрi Щучье қаласындағы «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тiлшiсi. Мемлекет басшысының сапары кезiнде жаңа шаңғы базасында 200-ден астам спортшылардың оқу-жаттығу жиыны өтiп жатты. Қазақстанның трамплиннен секiру спортының ең мықты шеберлерi жаңа кешеннiң сапалы екендiгiн өздерiнiң шеберлiктерiмен көрсетiп бердi. Елбасына «Щучье-Бурабай» курорты аймағын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Асқар Мамин, ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин есеп бердi. «Осыған дейiн туризмге онша көңiл бөлiнбей келдi. Әр нәрсенiң өз уақыты бар. Жағдайы бар қазақстандықтар басқа елдердегi курорттарға барып, демалып жүрдi. Ендiгi уақытта Қазақстанның көркем жерлерiн отандастарымызға ғана емес, шетелдiктерге көрсететiн уақыт жеттi. Туризмдi қуатты экономиканың бiр саласы деп есептеуiмiз керек. Қазiр «Щучье-Бурабай» курортына барып-келуге барлық жағдай жасалған. «Астана-Көкшетау» автобаны салынды. Көкшетау әуежайы жұмыс iстеп тұр. Ендi Бурабай кентiне iшкi жолдар салып, адамдар демалатындай қолайлы жағдай туғызуымыз қажет. Бұл облыс әкiмдiктердiң шаруасы. Жалпы Бурабайды ғана емес, Имантау, Шалқар, Баянауыл, Түркiстанда туризмдi дамытуды қолға алуымыз қажет. Түркiстан туризмдi дамытуға өте қолайлы. Ең бастысы инфрақұрылымды дұрыстауымыз керек. Мен барлық облыстарға арнайы тапсырма беремiн», — дедi Н.Назарбаев өз сөзiнде.

«Бурабай» халықаралық шаңғы базасының аумағы 125,54 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары екi кезеңмен жүзеге асырылды. Бiрiншi кезеңде аумағы 111 гектарды алып жатқан шаңғы базасы iске қосылса, екiншi кезеңде 90 жəне 125 метрлiк тұғырдан секiру нысаны қолданысқа берiлдi.

Айта кетейiк, аталған спорт кешенiн салуға барлығы 38 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шаңғы базасы қысқы спорт түрлерi (шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан секiру) бойынша əлемдiк талаптарға сай салынған. Нысанға шаңғы жолы, 90 жəне 125 метрлiк биiктiктен секiру тұғыры (трамплин), 200 орындық қонақ үйi, 250 орындық асхана, жүзу бассейнi, дəрiгерлiк-сауықтыру орталығы кiредi.

    

Дата публикации: 11.07.2018
Количество просмотров: 255
© 2018. Ақмола облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
;