AA

Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Ақмола облысына келді

Сапар аясында ол партия қызметiн жаңғырту мақсатында қолға алынған партиялық жобалардың жүзеге асырылу жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, облыс орталығындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназияда болып, ондағы IТ-сыныптың әлеуетiне назар аударды. Сондай-ақ А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетiндегi IТ-орталықтың тыныс-тiршiлiгiне зер салды. Өңiрдегi бизнес қауымдастық өкiлдерiмен кездесуiнде Мәулен Әшiмбаев осы саладағы партиялық жобалар жайын кеңiнен талқылады. Одан бөлек, елiмiздегi кiтапханаларды заманауи бiлiм орталықтары ретiнде қайта құру жұмыстары бойынша М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасында болды.

Елбасы 2017 жылдың қараша айында өткен партия Саяси кеңесiнiң кеңейтiлген отырысында партия қызметiн жаңғыртуға қатысты бiрқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соған орай «Нұр Отан» партиясы бiрнеше стратегиялық жобаларды қолға алды. Олардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнестi қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған тың бастамалар бар.

Бүгiнде елiмiз бойынша бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргiзiлуде. Соның iшiнде Ақмола облысындағы қарқынды жұмыс көңiл қуантады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары облысқа сапарын М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиядан бастады. Бiлiм ордасына Мәулен Әшiмбаев облыс әкiмi Мәлiк Мырзалинмен берге келдi. Мұнда партияның балаларға бағдарламалау негiздерiн оқытатын IТ-сыныптар ашу жобасы бойынша арнайы сынып жұмыс iстейдi. Сол арқылы оқушылар «Pascal», Java», «PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тiлдерi мен робот техникасы жайында тереңдетiлген бiлiм алуға мүмкiндiк алып отыр. Оған қажеттi жағдай да жасалған. Осы ретте партияның бастамасымен елiмiз бойынша 1000 IТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негiздерi жайында тереңдетiлген бiлiм алатынын атап өткен жөн.

Сондай-ақ өткен жылы мектеп базасында «Бағдарламалау» үйiрмесi ашылып, оқушылардың IТ технология, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта бiлiм алуына жол ашылған. Нәтижесiнде мектеп оқушылары түрлi инновациялық жобалар байқауында топ жарып, жоғары жетiстiктерге қол жеткiзуде. Бүгiнде көкшетаулық мектеп оқушылары кеңiнен қолданатын, 9, 11-сынып оқушыларының мемлекеттiк емтихан мен ұлттық бiрыңғай тестiлеуге дайындалуына арналған веб-сайтты да дәл осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тапқан.

Өңiрлердегi мектептерде осындай ауқымды жұмыстардың табысты жүзеге асырылуы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының жемiсi екенi сөзсiз. Осы ретте аталған бiлiм ордасы 2016 жылы Көкшетау қалалық мектеп-гимназиялар арасында I дәрежелi дипломмен марапатталып, робот техникасы кабинетiн жабдықтау үшiн 1,165 мың теңге көлемiндегi сертификаттың иегерi атанды. Ал өткен жылы физика кабинетiн жабдықтау үшiн 2,400 мың теңгенiң сертификатымен марапатталған.

Мәулен Әшiмбаев А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетiнде ашылған IТ-орталықтың да жұмысымен танысып, оның бағыт-бағдарын бағамдап қайтты. Бұл орталық партияның IТ-мамандар даярлау жобасы аясында ашылып отыр. Мұнда жұмыссыз және өзiн өзi жұмыспен қамтыған жергiлiктi азаматтар бағдарламалау негiздерi бойынша бiлiм алады. Нақты айтқанда, олар «Java», «PhP», «Delphi», «C++3D», «Max3D», «Studio», «MaxFoxPro» және «Corell3» бағдарламалары бойынша жан-жақты бiлiм алып, осы салада өз бетiнше жұмыс iстеудi тәжiрибе жүзiнде үйренедi. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, жастарды бәсекеге қабiлеттi маман ретiнде қалыптастыруға бағытталған бұл жоба бойынша елiмiзде жұмыс берушi IТ-компаниялар мен iрi жоғары оқу орындарының базасында 20 IТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адам бiлiм алады деп жоспарлануда.

Шағын және орта бизнестi қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы кәсiпкерлерге арналған Бiрыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды қолға алған болатын. Сол арқылы бизнес саласындағы мемлекеттiк қызметтердi электронды форматқа көшiру, дамыған елдердiң ең үздiк үлгiлерiн енгiзу және бизнестегi шығындарды азайту көзделiп отыр. Бұдан басқа кәсiпкерлердiң елiмiз бойынша коммерциялық мақсаттағы жер телiмдерi мен аукциондар туралы толық мәлiмет алуына, бизнес жүргiзудiң бiрыңғай стандартын енгiзуге және электронды үкiмет жұмысын жандандыруға да мүмкiндiк тумақ. Мәулен Әшiмбаев Ақмола облысының бизнес қауымдастық өкiлдерiмен кездесуiнде осы мәселелердi одан әрi пысықтады. «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен басқосуда тараптар өңiрдiң бас жоспары енгiзiлген интерактивтi карта даярлау бастамасын талқылады. Бұл карта арқылы ақмолалық кәсiпкерлер инженерлiк инфрақұрылымға қол жеткiзiп, бос жер телiмдерi туралы толық мәлiметтер алатын болады. Сол арқылы кәсiпкерге өз iсiн одан әрi жетiлдiруге мүмкiндiк тумақ.

Партиялық жобалардың қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елiмiздегi кiтапханаларды заманауи бiлiм орталықтары ретiнде қайта құру бастамасы да бар. Осы бағыттағы жұмыс барысымен танысу үшiн «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кiтапханаға арнайы келдi. Бүгiнде бұл нысанда коворкинг орталығы ашылып, келушiлердiң кiтап оқып қана қоймай, демалыстарын жайлы өткiзуiне қолайлы жағдай жасалған. Яғни, топпен немесе жеке жұмыс iстеуге арнайы орындар қарастырылған, тегiн Wi-Fi орнатылып, қажеттi техникамен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда «Мобильдi кiтапхана» интерактивтi оқу залы жұмыс iстейдi. Ал «Рухани қазына» жобасы аясында 94 әлеуметтiк-мәдени және инфрақұрылымдық кiшi жоба қолға алынған. Өткен 2017 жылы кiтапхана тарапынан жалпы сомасы 298 миллион теңгенi құрайтын 42 жоба сәттi жүзеге асырылғанын да атап өткен жөн. Одан бөлек, ауылдық кiтапханаларды жаңғыртуға бағытталған «Ауылдық кiтапхана — бiлiм мен парасат ордасы» жобасы мен «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы жұмыс iстейдi. Бүгiнде бұл кiтапхананың кiтап қорында 361 036 кiтап бар. Оның iшiнде 122 215 кiтап цифрландырылған.

Партия Төрағасының Бiрiншi орынбасары партиялық жобалардың маңызы туралы айтып, оларды өңiрлерде жүзеге асырудың берерi мол екенiне тоқталды.

– Бiздiң алдымызда Елбасы айқындап берген әлемнiң ең дамыған 30 мемлекетiнiң қатарына қосылу мiндетi тұр. Осы бағытта елiмiзде экономикалық, саяси, рухани және әлеуметтiк жаңғыру жұмыстары қарқынды жүргiзiлуде. Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы да өз қызметiн жаңғырту бойынша нақты жұмыстарды қолға алды. Ақмола облысындағы игi бастамалар соның жемiсi. Алдағы уақытта да партия қазақстандықтардың заман талаптарына бейiмделген, инновациялық жетiстiктердi еркiн меңгерген, IТ саласында бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн бастаған жұмыстарын лайықты жалғастырады, — дедi Мәулен Әшiмбаев.

Сапар соңында Мәулен Әшiмбаев «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық активiмен кездесiп, партиялық жобаларды жүзеге асырудың тиiмдi тетiктерiн жан-жақты талқылады. Сондай-ақ ол осы бағыттағы партия жұмысының мақсат-мiндеттерiн айқындап, ақмолалық нұротандықтарға бiрқатар тапсырмалар бердi.

    

Дата публикации: 12.05.2018
Количество просмотров: 584
© 2018. Ақмола облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
;