Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы

Сағынтаев Атбасардың жылда су астында қалу проблемасын түбегейлі шешуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгiн Үкiметтiң селекторлық режiмдегi отырысында ҚР Премьер-Министрi Бақытжан Сағынтаев Атбасардың жылда су астында қалу проблемасын түбегейлi шешудi тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атбасардың жағдайы қалай болмақ? Не күтемiз? Үйiндi топырақ суды ұстай ала ма? Жылда ақша бөлемiз. Бұрын ақша құмға кеттi десек, ендi суға кетiп жатыр. Тұрғындардың үндеуiн оқыдым. Олар бiздi жобалайтындығымызға, құрылғылар, дамбалар, топырақ үйiндiлерiн салатындығымызға сенбейдi де. Олар бәрiбiр суды ұстамайды, бәрiн шайып кетiп, үйлер, оның iшiнде бiлiм беру нысандары судың астында қалады. Дамба салғанша су бармайтын басқа жерден үй салып берiңдер» дейдi. Миллиардтған қаржыны несiне жұмсап жатырсыз?», — дедi Үкiмет басшысы Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалинге қарата.

Өңiр басшысы Премьердiң сынымен толықтай келiсетiндiгiн баса айтты.

«Бақытжан Әбдiрұлы, бұл дұрыс пiкiр. 9 шақырымдық дамба салуға 10 млрд теңге қаржы кетедi. ал 1830 адам тұратын 530 үйдi басқа жаққа көшiрiп, үйлердi салуға 3-5 млрд теңге кетедi. Шығынның мөлшерi төмен болады», — дедi Мәлiк Мырзалин.

Осы ретте Бақытжан Сағынтаев бiр рет дұрыс шешiм қабылдап, бұл мәселенi түбегейлi жабу қажеттiгiн қатаң ескерттi.

«Ауа-райы болжамы бойынша өңiрде қардың мөлшерi аз болады. Бiрақ бiзде қардың негiзгi мөлшерi ақпан айының соңы мен наурыз айының соңында жауады. Бiз көктем ерте келедi деп жорамалдап отырмыз. Бiрақ ол ұзаққа созылады. Бұл су тасқынының қаупiн төмендетедi. Бақытжан Әбдiрұлы, тиiстi жұмыстар жасалып жатыр. Ешкiмге босаңсуға жол берген жоқпыз. Жабай өзенi мен Атбасар қаласында су тасқыны болмас үшiн жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылы судың мөлшерi өте жоғары болды. Бiрақ осы жылы мұндай жағдай болмайтын шығар», — дедi Мәлiк Мырзалин.

ссылка:http://www.inform.kz/kz/sagyntaev-atbasardyn-zhylda-su-astynda-kalu-problemasyn-tubegeyli-sheshudi-tapsyrdy_a3160112 

Дата публикации: 20.02.2018
Количество просмотров: 1091
© 2018. Ақмола облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
;