Елбасы жоспардан тыс Астана нысандарын аралады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Мемлекет басшысы жоспардан тыс жұмыс сапары барысында елорданың оң жағалауындағы темiржол вокзалының қызметiмен танысып, вокзал маңындағы алаңда қала қонақтарымен, тұрғындармен кездестi, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметi. Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен әңгiмелесiп, оларға табыс пен бақ-береке тiледi, сондай-ақ қаланың коммуналдық шаруашылық саласы қызметiнiң жұмысы туралы ойларын тыңдады. — Мен жас маман ретiнде 10 жылға жуық пәтер кезегiнде тұрдым. Қазiр заман басқа. Ұмтылыссыз ештеңеге қол жетпейдi. Табысқа жету үшiн жатпай-тұрмай жұмыс iстеу қажет, сонда ғана еңбектiң жемiсiн тата аласыздар, — дедi Елбасы «Сарыарқа» ауданындағы тұрғын үй кешенiнiң бiрiнiң тұрғындарымен әңгiмелесу барысында.

Қазақстан Президентi қаланың қысқы маусымнан кейiнгi жағдайының жақсы екенiне тоқталып, шаһардың қызмет көрсету мекемелерi жұмысының нәтижелерiн және елорданы абаттандыру, тазалықты сақтау жұмыстарын жалғастыру қажеттiгiн атап өттi. Мемлекет басшысы автомобиль жолдарындағы кептелiс проблемалары мен көлiк қоятын орындардың жетiспеушiлiгiне назар аударды.

- Жолдарда көлiк өте көп. Қала басшылығы бұл мәселенi шешудiң жолдарын қарастыруы керек. Қажет болған жағдайда, шетелдiк тәжiрибе зерттелуге тиiс. Сонымен қатар түрлi ғимараттардың, сауда үйлерi мен дүкендердiң иелерi әрiптестерiмен бiрлесiп, өз аумағындағы тазалық пен тәртiптi қамтамасыз етуi қажет, — дедi Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiне уақтылы дайындығының маңыздылығын айтып, барлық тұрғындарды елорданы көгалдандыру iсiне белсене атсалысуға шақырды.

Құрылған күні: 25.04.2017
Қаралым саны: 2080

Қаз Рус Eng