Мемлекет басшысы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жабылу рәсіміне қатысты

Ақорда. Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзiнде Астана мен елiмiздiң барлық өңiрлерi күш жұмылдырғанының арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесi табысты өткенiн айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев көрменiң Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтiк тұрғыдан оң әсер еткенiн ерекше атап өттi.

– Шағын және орта бизнестегi 1400-ден астам кәсiпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткiзуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристiк сектор жандана түстi. Туроператорлардың қызметiне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 10 пайыздан аса көбейдi. Елорда бюджетiне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өстi. Қазақстанның астанасы бүкiл әлемнiң назарын өзiне аударды, — дедi Елбасы.

Мемлекет басшысы көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға тоқталды.

– Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен жеткен түрлi мәдениеттiң әуенi мен нақышына бөленiп тұрды. Бүгiнгi салтанатты рәсiм Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөнiндегi саммитiмен тұспа-тұс келiп отыр. Онда ислам әлемiндегi ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелерi талқылануда. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлi iс-шара өткiзiлдi, — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентi елiмiздiң Еуразия өңiрiндегi қауiпсiз әрi қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретiндегi оң имиджiн нығайта түскенiн атап өттi.

Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткi болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септiгiн тигiзген көрменiң бiрқатар жағымды аспектiлерiне тоқталды.

– ЭКСПО бүкiл әлемнiң интеллектуалдық және технологиялық әлеуетiн көрсетуге зор мүмкiндiк бердi. Мұнда жаңартылатын энергия көздерi саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшiлiк назарына ұсынылды, — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентi ЭКСПО аясында қазiргi заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнiнде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзiрленгенiн атап өттi.

– ЭКСПО көрмесiн өткiзу арқылы бiздiң ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берiк екенiн тағы да дәлелдей түстi. Жалпы, бiздiң көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенiмдiмiн, — дедi Мемлекет басшысы.

Сонымен бiрге, Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейiн пайдалану жоспары жөнiнде ой бөлiстi.

– «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрiнiс тапқан басқа да бiрқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретiнде сақталады. Көрменiң аяқталуы бiрнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкiндiк бередi. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесiнде лайықты орынға ие болуға тиiс, — дедi Қазақстан Президентi.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөнiндегi халықаралық орталықты және IТ-стартаптар халықаралық технопаркiн құруға арналған жобаларға тоқталды.

– «ЭКСПО» көрме кешенi толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрi қызмет ететiн болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсендi атсалысуға шақырамын, — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президентi көрменi өткiзуге үлес қосқандардың бәрiне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын бiлдiрдi.

– Осымен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесiн жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды бiлдiремiн. Көрменiң сәттi өтуiне мыңдаған адам атсалысып, еңбек еттi. Баршаңызға Қазақ жерiндегi айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшiн алғыс айтамын, — дедi Мемлекет басшысы.

Құрылған күні: 10.09.2017
Қаралым саны: 1976

Қаз Рус Eng