Атбасарды су басу қаупі жоқ – Мәлік Мырзалин

Бүгiн облыс әкiмi Мәлiк Мырзалин бiр қатар аудандарды тiк ұшақпен шолып өткеннен кейiн өңiрдегi су тасқынының жағдайына баға бердi.

Гидротехникалық имараттарға жақын орналасқан Аршалы, Целиноград, Атбасар, Астрахан аудандарының аумақтары әуеден инспекцияланды. Жалпы қар бұл жерлерде түгел ерiген. Целиноград, Аршалы, Астрахан аудандарында өзеннiң жазықты тұстарында арнасынан шыққан жерлер бар. Облыс аумағының 13%-ында қар жатыр және олар жыралар мен ояңдарда сақталған, орман алқаптарында қар көп.

Атбасарға келiп облыс әкiмi Жабай өзенi арқылы өтетiн автомобиль көпiрiн, қаланың су тасқыны қауiптi учаскелерiн аралап шықты.

«13 сәуiрде Жабай өзенiнiң суы 3,5 метрге дейiн көтерiлдi, қауiптi белгi 3,45 м. Барлық қызметтердiң жұмыла кiрiсуiнiң арқасында жағдайды түзеп iрi апатқа жол берiлген жоқ. Бiрде-бiр үйдi су басқан жоқ, зардап шеккендер жоқ. Қазiргi уақытта жағдай тұрақты. Әуеден бағалау нәтижесi бойынша және күз-көктем кезеңдерiнде жүргiзiлген су тасқынына қарсы превентивтiк iс-шараларды ескере отырып, Атбасарды су басу қаупi жоқ деген қорытынды жасай аламын», — дедi Мәлiк Мырзалин.

Мамандардың бағалауы бойынша бүгiн түнде су тасқыны шегiне жеттi. Судың көтерiлуi қауiптi деңгейден асты, қазiргi уақытта төмендеуi басталды. Суды өткiзудi қамтамасыз ету мақсатында ағысы бойынша төменде жару жұмыстары жүргiзiлуде. Барлық жұмыстар алдын ала жүргiзiлдi. Су тасқынына барлық қызметтер тиянақты дайындалды, соның бәрi соңында оң нәтижеге қол жеткiздi.

Мысалы, Атбасар ауданында 13 учаскеде шайылған орындарда жердiң жалы қалпына келтiрiлдi, су тасқыны қауiптi учаскелерде тәулiк бойы 18 гидротехникалық бекет құрылды, аулалар аумақтарынан ерiген қар суы тұрақты түрде айдалып тұрды, жарылыс жұмыстары жүргiзiлiп мұз кептелiстерi жойылды.

Сол күнi Атбасарда облыс әкiмi өткен жылғы көктемде су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынып жатқан 45 пәтерлi бес қабатты үйлердiң құрылыс алаңында болды. Ғимараттарды аралап көру барысында Мәлiк Мырзалин құрылыс басшыларына салынып жатқан тұрғын үйлердiң сапасын сақтай отырып объектiлердi пайдалануға тапсыруды тездетудi талап еттi.

Құрылған күні: 14.04.2018
Қаралым саны: 764

Қаз Рус Eng