AA

Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы

Жастар саясатының бағыт-бағдарын айқандаған жаңа құжат қабылданды

Бүгiн «Жас Отан» Жастар қанатының IV Съезi өз мәресiне жеттi. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiнiң Конгресс-орталығында өткен «Жаңа әлемге жол саламыз» атты қорытынды Гала-форумде бойында күш-қуаты тасыған, ел ертеңiне бей-жай қарамайтын жалынды жастар бас қосып, ауқымды мәселелердi талқылады. Елбасы партия Саяси кеңесiнiң кеңейтiлген отырысында елiмiздегi жастар саясатын жаңғырту жайына ерекше көңiл бөлген болатын. Бұл «Жас Отанның» жаңа қарқынмен жұмыс iстеуiне де тың серпiн бердi. Бүгiнде жастар қанаты 150 мыңнан астам жас қазақстандықтың басын бiрiктiретiн бiрегей ұйым. Әр облыс, қала және ауданда өз өкiлдiктерi бар. Қазiргi таңда бүкiл Қазақстан бойынша «Жас Отанның» 230-ға жуық бастауыш ұйымы жұмыс iстейтiнiн де атап өткен жөн. Елбасының құттықтау сөзiн Мемлекеттiк хатшы Гүлшара Әбдiқалықова оқып бердi. Онда «Жас Отанның» елiн, жерiн сүйетiн, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегiмен байланыстыратын, мыңдаған бiлiмдi де белсендi жастардың бастарын бiрiктiретiн, Елбасының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенiмдi тiрегi болып келе жатқан беделдi ұйым екенi айтылған. — Тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнен бастап жастар мәселесi менiң де, мемлекеттiң де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды. Мен осынау мемлекеттiң жеңiсi мен қамқорлықтың жылуын жастарымыз жақсы бiлетiнiне кәмiл сенемiн. Қазiр бүкiл әлем ауқымды өзгерiстердi бастан кешiруде. Төрткүл дүние Төртiншi өнеркәсiптiк революция дәуiрiне қадам басты. Бiз ұзақмерзiмдi мақсаттарымызға қол жеткiзу үшiн осындай қарқынды өзгерiстердi өз пайдамызға қарай сәттi жүзеге асыруымыз керек. Сол үшiн бiз Қазақстанда саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтiк жаңғыруларды қолға алдық, — делiнген құттықтау хатта. Сонымен қатар Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртiншi өнеркәсiптiк революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкiндiктерi» атты биылғы Жолдауында жаңа заман талаптарына бейiмделу мен жетiстiктерге жетудiң жолдары қарастырылғанына назар аударған. — Осының барлығында мен жастардың сапалы бiлiм алып, бәсекеге қабiлеттi маман болып қалыптасуына ерекше көңiл бөлiп, соған басымдық бердiм. Өйткенi, сендер елiмiздiң ертеңi ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендердi белсендi түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тiлдерiн үйренуге, отандық және әлемдiк әдебиеттiң терең мұраларын танып бiлуге, ең бастысы әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнiң ең озық мамандарымен иық тiрестiрiп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерiлуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, бiздiң буын негiзiн қалаған Тәуелсiздiктi баянды етiп, бiздiң жеңiстi жолымыз бен жасампаз дәстүрiмiздi лайықты жалғастыруға тиiссiңдер! «Жаңа әлемге жол саламыз» деген Съездiң атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа ұмтылысын аңғартып, көңiлге қуаныш ұялатады. Мен сендердiң тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын! Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрi даңғыл болсын!, — делiнген Елбасының құттықтауында. Мемлекет басшысының үнемi жастарға қолдау көрсетiп, бiлiктi маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары Мәулен Әшiмбаев екi күнге жалғасқан Съездiң мәндi де мазмұнды өткенiне назар аударды. — Съезд кезiнде ұтымды ойлар мен өзектi пiкiрлер айтылды. Жастарымыз белсендiлiк танытып, түрлi ұсыныстармен шықты. Ең бастысы, бiз креативтi, заманауи, ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелi Съезд өткiздiк деп айтуға толық негiз бар. Бiз жұдырықтай жұмылып, осындай аясы кең жиынды жаңа форматта, тың бағытта өткiзуге болатынын көрсеттiк. Сол арқылы жасотандықтар ашықтықтың озық үлгiсiн танытты. Сондықтан бұл Съездi «Жас Отан» Жастар қанатының жаңғыруының жарқын көрiнiсi ретiнде қарастыруға әбден болады, — дедi Мәулен Әшiмбаев. Сонымен қатар партия Төрағасының Бiрiншi орынбасары биылғы Съездiң «Жас Отанның» да, партияның да бүгiнгi бағыт-бағдарын, бет-бейнесiн айқын көрсетiп бергенiн тiлге тиек еттi. — Елiмiздiң барша жастары ортақ мүддеге ұйысып, ұзақмерзiмдi мақсаттарымыздың жолында күш бiрiктiруi тиiс. Елбасымыздың сенiмдi тiрегi болып, тың бастамалар мен стратегиялық шешiмдердiң басты қозғаушы күшi болуы қажет. Бұл ретте жастарға жүктелер мiндеттiң де салмағы жеңiл болмасы анық. Осы жолда ел жастары ортақ мүддеге ұйысуы керек. Ал оның негiзгi үйлестiрушiсi болу — «Жас Отан» Жастар қанатының мойнына жүктелiп отыр, — деп атап өттi «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары. Елдiгiмiздi еңселi, бағымызды баянды ету жолында барша жасотандықтар бiр-бiрiне дем берiп, ынтымақтаса жұмыс iстеу керектiгiн айтқан Мәулен Әшiмбаев: — Бiз осы Съезд арқылы жаңа әлемге ұмтылып, дамудың жаңа кезеңiне аяқ бастық. Мақсатымыз — анық, бағыт-бағдарымыз — айқын. Алдымызда Елбасы белгiлеп берген абыройлы мiндеттер тұр. Сол көздеген межеге қол жеткiзу үшiн жұдырықтай жұмылып жұмыс iстейiк! Бiз берекелi тiрлiктiң бастауы бiрлiкте ғана екенiн батыл iс-әрекетiмiзбен дәлелдеуiмiз керек. Осы жолда барша қазақстандық жастарға үлгi-өнеге көрсетуге тиiспiз, — дедi. Сонымен қатар партия Төрағасының Бiрiншi орынбасары «Жас Отанның» алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарына назар аударып, бiрқатар нақты мiндеттердi айқындап бердi. Осы ретте партия қызметiн жаңғырту жөнiндегi Елбасы тапсырмасы дәл «Жас Отанның» iшкi реформасымен басталғанын атап өткен жөн. Нақты айтқанда, Жастар қанаты өзiнiң құрылымын, жұмыс тәсiлiн және орталық кеңсесiн түбегейлi өзгерттi. Жұмыстың барлық бағытына жаңа тетiктер мен құралдар енгiзiлдi. Соған орай бастауыш департаменттер мен бөлiмдердiң орнына жасотандықтар «Жүрек», «Сана» және «Даму» атты үш негiзгi бағытқа бөлiндi. Соған сәйкес әр бағытқа белгiлi бiр мiндеттер жүктелдi. Мәселен «Жүрек» бағыты ұйым қызметкерлерi мен мүшелерiнiң жан-жақты бiлiм алуы, өсуi және халықаралық ынтымақтастық жұмыстарына жауапты. Ал «Даму» бағыты бойынша елiмiздегi барша жасотандықтармен және өз қатарына белсендi жастарды көптеп жұмылдыру жұмыстары жүргiзiледi. Сондай-ақ, осы бағыт аясында жастар саясатына қатысты партиялық тыңдаулар өткiзiлiп, әлеуметтiк зерттеулер жүзеге асырылмақ. Ал республикалық деңгейдегi iрi жастар жобаларымен айналысатын «Сана» бағыты «Жас Отанның» идеологиялық жұмыстарына жауапты. «Жас Отан» Жастар қанатының өңiрлiк өкiлдiктерi де жаңғыру үдерiсiнен тыс қалған жоқ. Облыстық филиалдардың жұмысын жандандыру мақсатында қосымша штат ашылып, жас мамандар жұмысқа алынды. Осы жылдың басында «Жас Отан» өз тарихында алғаш рет Орталық кеңес мүшелерiнiң онлайн-сайлауын өткiздi. Сол арқылы дауыс берудiң мейлiнше ашық өтуiне ерекше мән берiлдi. Орталық кеңес ұйым жұмысының негiзгi бағыттарын анықтап, жастарды алаңдатқан мәселелердi зерделеп, оларды шешу жолдарын ұсынады. Одан бөлек, партия жұмысында жастардың мүддесiн қорғайды. Сондықтан ашық сайлау аталған органның тиiмдiлiгiн арттырып, ұйымның әлеуетiн одан әрi күшейте түстi. Съездiң алғашқы күнi «Jas Otan conf» конференциясында сайлауда жеңiске жеткен кеңес мүшелерi барша делегаттарға таныстырылды. «Жас Отанның» жұмысында интернет пен әлеуметтiк желiлердiң кеңiнен қолданылуы да атап өтуге тұрарлық бастама. Бүгiнде ұйым мүшесi болу үшiн сайт арқылы онлайн-тiркеуден өтсеңiз жетiп жатыр. Гала-форум барысында өз саласында биiктердi бағындырған, қоғамның дамуына өзiндiк үлесiн қосқан жас қазақстандықтар сөз алып, әрiптестерiне жетiстiкке жетудiң қыр-сырын айтып бердi. Iс-шарада «АрселорМиттал Темiртау» АҚ-ның жұмысшысы Елжас Қожахметов, Назарбаев Университетiнiң ассистентi Әсия Ермұхамбетова, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлiм басшысы Айбар Қасеналин, «Ninety One» тобының әншiсi Дулат Мұхаметқалиев, Қостанай қаласындағы №3 емхананың дәрiгер-эндокописi Эльвира Асадова, жеке кәсiпкер, «Ақайдар» шаруа қожалығының басшысы Адамбек Баймырза, Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлiк мектебiнiң 11-сынып оқушысы Иван Крепак, паралимпиада жүлдегерi, «Қазақстанның 100 жаңа есiмi» жобасының жеңiмпазы Серiк Есматов, «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның өндiрiстiк директоры Данара Елеусiзова, «Қашаған» кен орнының инженерi Берiк Уап, «Қазақстанның 100 жаңа есiмi» жобасының жеңiмпазы, Шығыс Қазақстан облысы, Усть-Таловка ауылындағы балалар өнер мектебiнiң оқытушысы Валентин Алифанов, «Air Astana» әуе компаниясының ұшқыштары Олег Жакупов пен Жан Жакупов, жастар әзiл шоуының бас директоры және резидентi Ақсұлтан Қалиев, «Жас Отан» Жастар қанаты «Сана» бағытының жетекшiсi Әйгерiм Серiкжанова сөз сөйледi. Айта кетейiк, Съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шынайылық форматында онлайн режiмде көрсетiлдi. Соның нәтижесiнде форум жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнiң барлық интернет қолданушысы 360 градуста көруге мүмкiндiк алды. Бұл — биылғы Съездiң басты ерекшелiктерiнiң бiрi. Съезд соңында «Жас Отан» Жастар қанатының алдағы бағыт-бағдарын айқындап берген жаңа құжат қабылданды. «Жаңа әлемге жол саламыз» атты бұл құжатта елiмiздегi жастар саясатына тың серпiн беретiн игi бастамалар мен жасотандықтардың ұйымның дамуы және елiмiздегi жаңғыру үдерiстерiне қатысу жөнiндегi стратегиялық мiндеттерi көрсетiлген.

Сілтеме

 

Дата публикации: 29.03.2018
Количество просмотров: 560
© 2018. Ақмола облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы
;