A- A A+
Ақмола облысының
ресми интернет-ресурсы
БЖЗҚ туралы 5 сауал

- Менің қызым келісім-шарт бойынша шетелде жұмыс істейтіндіктен зейнетақы қорына аударым жасамайды. Айтыңызшы, біз оның орнына БЖЗҚ-дағы оның шотына ақша аудара аламыз ба? Ол үшін не істеу керек және аударымдар қандай валютамен қабылданады?

- Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жұмыс істей отырып, Сіздің қызыңыздың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша құқықтық қатынастарға қатысуға мүмкіндігі бар екенін айта кету керек.

Сонымен қатар Сіз қызыңыздың болашақ қамын жасай аласыз және үшінші тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналары туралы шарт жасай аласыз не қызыңыздың өзі осындай шартты өз пайдасына жасай алады. Мұндай тәсіл өте ыңғайлы, өйткені жарналардың кезеңділігін және мөлшерін адам өзі белгілей алады. Айтып өткеніміздей, ерікті жарналарды өз туыстарының және жақындарының пайдасына аударуға болады. БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калкуляторы келешектегі зейнетақының болжалды мөлшерін есептеуге көмектеседі және тұрақты аударылатын ең аз ерікті жарналардың өзі зейнетақы жинағыңызды айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретінін көрнекті түрде көрсетеді. Оларды теңгемен салу керек.

- Жақында зейнетке шығамын, шотыма 2,5 миллионға жуық теңге жинап үлгердім. Айтыңызшы, мен құрметті демалысқа шыға салысымен барлық соманы бірден ала аламын ба немесе оны бөліп-бөліп бере ме? Неге? Егер барлық соманы алатын болсам, қанша пайыз жоғалтамын? БЖЗҚ осындай қызмет үшін сыйақы алады деп естідім.

- Тиісті қаржы жылына (2016 жылы «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен ең төменгі зейнетақы мөлшері – 25 824 теңге) белгіленген ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болған жағдайда ғана барлық зейнетақы жинағын алуға болады. Яғни, қазіргі сәтте бұл сома - 774 720 теңге (30-ды 25 824 теңгеге көбейту). Демек, зейнетақы жинақтарыңыздың қалдығын ескерсек, сіз барлық соманы бірден ала алмайсыз. Сіз жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептеуге болатын зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасын белгіленген кесте бойынша алуға құқылысыз. Осылайша, сіздің жеке зейнетақы шотыңыздағы жинақ шамамен үш жыл ішінде төленетін болады. Мұндай тәртіп БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен құралған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидасымен белгіленген. Қағида ҚР Үкіметінің 02.10.2013 жылғы №1042 қаулысымен бекітілген.

Сіздің сұрағыңыздың екінші бөлігіне келер болсақ, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің 160-бабының ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері – төлем көзіне жеке табыс салығы (ЖТС) салынатын табыс. Осыған орай кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алушыдан міндетті түрде Салық кодексінде көзделген түзетулер мен салықтық шегерімдер ескеріле отырып 10 пайыз мөлшерінде ЖТС ұсталады. Салық салынбайтын зейнетақы төлемдерінің сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төменгі еңбекақының 12 еселенген мөлшеріне тең. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ өтініште көрсетілген алушының банк шотына аударады. Оларды айырбастау және шетелдік банктерде ашылған алушылардың банк шоттарына аудару қызметтерін қоспағанда, зейнетақы жинақтарын аударуға, есепке жазуға және төлеуге байланысты банк қызметтерінің ақысы БЖЗҚ-ның меншікті қаражаты есебінен төленеді.

- Келесі жылы зейнетке шығамын және менің жинақтарым қалай қорғалған, оларға дағдарыстық үдерістер, құнсыздану және басқалар әсер етті ме деп жиі ойлай бастадым?

- Азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғау және оларды индекстеу тетігі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында тұжырымдалған. Зейнетақы жинақтарын Қазақстан экономикасындағы құнсыздану деңгейін ескере отырып сақтау жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алды. Заңның 5-бабына сай мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын зейнетақы төлемдеріне құқық алған сәттегі құнсыздану деңгейін ескере отырып, нақты салынған жарналар мөлшерінде сақтауға кепілдік береді. Бұл бап зейнетақы жинақтары бойынша жинақталған табыстылық деңгейі жинақталған құнсыздану деңгейінен төмен болған жағдайда қолданылып жүр және қолданылады. Төлемге құқығы бар азаматтар мемлекеттік бюджеттен тиісті өтемақы алады. Жинақтарды сақтау бойынша мемлекеттің осындай тікелей жауапкершілігі әлемнің еш жерінде жоқ екенін айта кету керк.

- Мен қоныс аударып едім, енді жаңа мекенжайыма БЖЗҚ-дан шотымның жай-күйі туралы деректері бар хаттар келмейтін болды. Айтыңызшы, бұл ақпаратты білудің басқа жолдары бар ма?

- БЖЗҚ-ға өзіңіздің жаңа мекенжайыңызды хабарлауыңыз қажет еді, оны хабарламағандықтан, сіз жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы жыл сайынғы үзінді көшірмені алмайсыз. Сондықтан БЖЗҚ бөлімшесіне бір рет келіп, не өз деректемелеріңізге түзетулер енгізіңіз, не ең дұрысы, хабарлау тәсілін өзгертіңіз.

Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірнеше арнасы бар. Сіз салымшы ретінде өзіңізге қолайлысын таңдай аласыз. Бұл – жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште немесе жеке келісімде көрсетілген салымшының электрондық мекенжайына хабарлама жіберу. Ақпарат алудың ең жедел тәсілі – www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы алу. Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса немесе логин мен парольді тіркесеңіз, сіз үйден немесе кеңседен шықпай-ақ өз шотыңызды тексеріп, жұмыс берушіден түскен түсімді бақылай аласыз. Біздің мамандар смартфондар мен планшеттерге арнап әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын да пайдалануға болады. Жинақтар туралы ақпаратты egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы алу мүмкіндігі бар. Қызмет «Азаматтар» санатының «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдарындағы «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде. Оны алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкімет порталына тіркелу қажет. Сізге ақпаратты БЖЗҚ мамандарының бергенін қаласаңыз, сіз үшін республика аумағында 232 дербес қызмет көрсету орталығы ашылған. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште көрсетілген мекенжайға пошта арқылы хабарлау тәсілі әлі де қолданылады.

2016 жылғы 1 қазанда 2,5 миллионға жуық адам немесе әрбір төртінші салымшы зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде электрондық хабарлау тәсілін таңдады. Оның 214 мыңнан астамы үзінді көшірмені электрондық мекенжайға алады және 2,3 миллион адамның сайт арқылы немесе смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы ақпарат алу мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 245 мыңнан астамға артқан және 2016 жылғы 1 қазанда жүктеп алу 357,9 мыңға жетті.

- 2018 жылдан бастап зейнеткерлердің зейнетақысына өтіл үшін үстеме қояды деп естідім. Бұл шын мәнінде солай ма? Егер солай болса, оны алу үшін өтіл қандай болу керек?

- 2018 жылдың шілде айынан бастап базалық зейнетақы төлемін есептеу тетігі өзгеретін болады. Қазіргі уақытта ол барлық алушыға бірдей төленеді және 11 965 теңге. 2018 жылдан бастап оның мөлшері әр түрлі болады: өтілі он және одан кем болғанда немесе ол болмаған жағдайда – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы. Әрбір келесі толық жылға базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2 пайызға өсетін болады. Яғни, өтілі 20 жыл болғанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайтын болады, 30 жыл – 90 пайыз, ал 35 және одан көп жылдық өтіл кезінде – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызы.Өтіл ескерілген зейнетақы тағайындауға қатысты толық ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына» бара аласыз, Астанада 8 (7172) 75-37-10 телефонына, Алматыда 8 (727) 331-21-13 телефонына немесе 1411 нөміріне (Қазақстан аумағында қоңырау шалу тегін) хабарласа аласыз.

Дата обновления статьи: 30.12.2016 12:50
@2017 Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Көкшетау қаласы, Абай көшесі 83, индекс: 020000

8 (7162) 29-72-71, 29-72-51, 29-72-49, 29-72-43, 29-72-44

8 (7162) 29-73-10

akim@akmo.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 29-72-25, 29-72-54, 29-72-23