Облыс туралы

Ақмола облысы                                                                                                                   

Ақмола облысы мыңдаған жылдарға тамыр жайған тарихы бар, мәдениетi бай өлке. Бұл Батыс пен Шығыс мәдениеттерiн ұштастырған керуен жолдары түйiскен киелi мекен. Ақмола-Көкше топырағы даңқты хандар мен хас батырлардың, дуалы ауыз билердiң, ақиық ақындардың кiндiк қаны тамған жер.

Олардың арасында үш жүздiң басын қосқан дана саясаткер, көреген қайраткер хан Абылайдың орны ерекше. Абылай қазақ жерiнiң бiртұтастығын, елдiң қауiпсiздiгiн жолға қойды. Абылай дәуiрi Қазақ хандығының өсу, өркендеуi мен саяси тұрақтылық кезеңi болып тарихта қалды. Мемлекеттiң танымалдылығы мен халықтың әл-ауқатының артуы да Абылай басқарған уақытпен тұспа-тұс келдi.

ХIХ ғасырда бұл өлкеде орыс басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық көтерiлiсi болды. Көтерiлiстiң қолбасшысы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы едi.

Ақмола жерiн ұлт зиялыларының алтын бесiгi деуге болады. Шоқан Уәлиханов, Үмбетей жырау, Бiржан сал, Ақан серi, Балуан Шолақ, Үкiлi Ыбырай, Иманжүсiп Құтпанұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Iлияс Есенберлин, Мәлiк Ғабдуллин сияқты ұлылардың шығармаларына арқау болған өлке.

Бұл аумақта ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Ақмола, Көкшетау облыстары құрылды.1941-1945 жылдары майданға шақырылған әскер саны облыс тұрғындарының төрттен бiрiн құрады. Тың және тыңайған жерлердi игеру кезiнде Ақмола облысы осы науқанның орталығына айналды.

Қазақстан Республикасының Президентi Н. Назарбаевтың 1999 жылғы 8 сәуiрдегi Жарлығымен Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы болып бекiтiлдi.

Ақмола облысы — Тәуелсiз Қазақстанның аграрлы-өнеркәсiптiк аймағы. Облыс өзiнiң шексiз егiндiк жерлерiмен, үлкен өндiрiстiк әлеуетiмен, әрторапты көлiк коммуникациялық желiсiмен, ғылыми, мәдени мекемелерiмен мақтана алады.

Облыс аумағында елге танымал «Алтынтау-Көкшетау» ЖШС, «Тыныс» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ және т.б кәсiпорындар жұмыс iстейдi.

Көкше-Бурабай демалыс орнын өлкенiң бойтұмары десе болады. Ақмола-Көкше жерiнде үш ұлттық парк — «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» орналасқан. Қорғалжын табиғи қорығы халықаралық «ЮНЕСКО» ұйымының тiзiмiне енген. Адамзат дамуының барлық кезеңдерiн қамтитын тарихи-мәдени ескерткiштер Ақмола облысының қайталанбас бейнесiн қалыптастырды.   

Құрылған күні: 17.04.2015 16:55
Жаңартылған күні: 07.06.2018 16:41
Қаралым саны: 8338

Қаз Рус Eng